Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетінде берілген сұхбатында ел болашағы үшін маңызды стратегиялық бағыт айқын көрінеді. Колледждерден бастап университетке дейінгі білім мен ғылымды қамтитын ұлттық әскери мектептің қалыптасуы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеудің жүйелі тетігі екендігін айтып өтті. Бұл бастама тек кәсіби әскери кадрларды даярлаумен шектелмей, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, зияткерлік әлеуеті жоғары, мемлекетшіл көзқарастағы азаматтарды қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар, білім мен әскери даярлықтың үйлесуі Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтып, ұлттық құндылықтарды сақтауға және егемендікті бекемдеуге қызмет етеді.
Ұлттық әскери мектептің колледжден бастап университетке дейінгі барлық білім сатысын қамтуы – кадр даярлаудағы сабақтастық пен жүйелілікті қамтамасыз ететін маңызды қадам. Мұндай біртұтас жүйе жасөспірім кезеңнен бастап жастардың бойында Отанға адалдық, тәртіп, жауапкершілік, ерік-жігер мен патриоттық рухты қалыптастырады.
Сонымен қатар, бұл бастама әскери саладағы білім мен ғылымның өзара тығыз байланысын күшейтеді. Заманауи әскери маман тек қару-жарақты меңгерген сарбаз ғана емес, стратегиялық ойлай алатын, жаңа технологияларды игерген, ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдана білетін білікті тұлға болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық әскери мектептің қалыптасуы Қазақстан Қарулы Күштерінің зияткерлік әлеуетін арттыруға, әскери ғылымды дамытуға және халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Президент атап өткен бұл бағыт мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамда әскери қызметтің беделін көтеруге де ықпал етеді. Әскери білім алған жастар азаматтық өмірде де ел дамуына үлес қоса алатын, жауапты әрі саналы азамат ретінде қалыптасады. Демек, бұл бастама – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және болашақ ұрпақтың отансүйгіш рухын күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді әрі маңызды стратегиялық шешім.

KZ

